Бақытым бар үшінші Отан деген,
Кім мықты десе біреу Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал меннен
М.Мақатаев
Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орнаған, бір ауыздан айтылып, кең өлкемді шарлағын осынау бір ыстық сөз, ыстық көңіл лебізі бүгін ғана емес, бар уақытта да қан тамырымыздың лүпіл-бүлкіліндей естіледі бізге. Иә, бұл – бүкіл қазақ жұртының, дүйім Қазақстан елінің қызу құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асыл лебіз.
Ол - өлең, ол - ән, ол - сұлулық, ол - асқақ арман, ол –шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз да осында. Дүниені күніне бір дүр сілкінткен табыстарымыздың ұйытқысы да осында. Жарастығымыз да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың да ұясы - Қазақстан.
Менің елім – Қазақстан. Осынау құдіретті сөзді әрбір Қазақстан Республикасының азаматы асқақ сезіммен, ерекше мақтанышпен айта алары хақ. Сонау Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең байтақ, ғажайып өлке - бұл Қазақстан. Осындай аймағы үлкен, қойнауы қазынаға толы құнарлы жерімізге кімдер көз тікпеді? Олар қазақ жеріне иелік ету үшін қаншама рет шабуыл жасап, елді тыныш қоймады. Бірақ ер жүрек ата-бабаларымыз сыртқы жаудың қамалын бағып, тойтарыс беріп отырды. Сол батыр бабаларымыздың арқасында, халықтың бірлігінің арқасында ел өзінің кең байтақ жер, құт мекенінде еркін көселіп, жайланып жатыр.
«Отан» деген сөз әуелде көшпелі өмір сүрген ата-бабамыздың от жағып, тіршілік еткен ұясы деген ұғымынан шықса керек. Отан үшін от пен оққа кеудесін тосқан Бауыржан ата. «Отан үшін отқа түс күймейсін»,- деп аманат қалдырған. Осындай Отанын сүйген және одан қуат алған, ел қорғаны болған қазақ перзенттерінің алар асуы мен шығар биігі әлі алда.
Бүкіл адамзат баласы үлкен үміт артып отырған еліміздің басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның болашағы жастар екендігін, елімізді дамытып, көркейту солардың қолында екенін баса айтты. Мұны «Мен сіздердің өз өмірлеріңіз мен ел өмірін толыққанды, сәнді және бояуын қанық ете алатындарыңызға кәміл сенемін. Жаңа ғасырға Қазақстанды сіздер бастап барасыздар» деген мәлімдемесінен байқауға болады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, еліміздің қолға алып отырған басты мәселелерінің бірі- болашақ ұрпаққа жоғары дәрежелі сапалы білім беру. Елімізде көптеген лицей, гимназиялар, мамандандырылған мектептер ашылуда. Елбасының «Қазақстан-2030» Жолдауындағы мектептерде компьютерлендіру шаралары іс жүзінде жалғасын тапты.
Бүгінгі күннің биік талабы –осы. Қазіргі кезде білім саласына көп көңіл аударылуы, дарынды балаларға арналған көптеген шаралар жүргізуі қуантарлық жайт. Елімізде білім саласына көп көңіл бөлінуде. Былтырғы жылдан бастап жаңартылған білім саласына көштік. Келешекте Қазақстандағы білім жүйесінің саласы әлемдік деңгейге жететіне сенемін.
Сондай - ақ Қазақстан ғылым жаңалықтарын, жаңа технологияларды кеңінен пайдаланатын болады. Бұл дамудың бірден-бір көзі. Жаңа технологиялардың көмегімен біз үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз.
Бүгінгі күннің тағы бір өзекті мәселесінің бірі болып отырған ауылшаруашылығы да өркендеуде. Жаңа техникамен, жаңа технологиялармен жабдықталуда.
Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырып, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйтқы бола білді. «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болды. Қалай дегенде де ЭКСПО сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзінің даму деңгейін іс-жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауакершілікпен өткізу-өте зор құрмет.
ЭКСПО-2017 – мемлекетіміздің мығымдылығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсеткен көрме болды.
«Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, мен қазақ топырағында туып-өстім, еліміздің өсіп-өнуі үшін қасиетті Отанымның өркендеп - дамуы, гүлденуі үшін ат салысамын, аянбай тер төгемін», - деп жүз қайтара айтқым келеді. Сүйікті Отаным, жасай бер мәңгі, жайнай бер! Көгімізде бейбітшілік белгісіндей боп көгершіндер, теңдік, бостандық белгісіндей боп қыран құстар самғап ұша берсін!
Айналамыздағы алыс - жақын елдерде соғыс болып жатқанда, ең алдымен, аспанымыз ашық, өміріміздің бейбіт болғанына қуанамын. Сол бейбітшіліктің арқасында күліп - ойнап, еркін білім алған ерікті елдің еркін ұлының бірімін. Мен болашаққа нық сеніммен, үлкен үмітпен қараймын. Қарай отырып осы жақсылықтармен игілікті істердің басында көргендік пен басшылық беріп жүрген еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атамызға балалық жүрегіммен рахмет айтамын! Тек мен емес, ол талай баланың, жалпы Қазақстан халқының тілегі екеніне күмәнім жоқ. Қуаныш пен жақсылыққа толы 25 жыл жылға көз жіберіп қарасақ, ата-бабамыз бес ғасыр армандаған арманы орындалған екен. «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» деп дана халқымыз айтқандай, сол жұмыстардың дәл ортасында Ел Президенті жүрді.