Жоспар
I Кіріспе. Ел едің туған жерді кие тұтқан.
II Негізгі бөлім. Туған жер алтын бесік.
III Қорытынды. Туған жерге тілек.
Эпиграф
Отан! –деген сөзім қандай әдемі!
Көзге елестер бүкіл қазақ әлемі.
Таңдандырды жан-жағымды- бай өлкем
Қарапайым, кең дастарқан әдебі.
Атам қазақ аңсағаны еркіндік,
Сақтау үшін азаттықты бекіндік,
«Қастығы жоқ қазақ» деген аңыз бар,
«Татулықтың символымыз» сертім нық.
Халқымның «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»деген даналық пікірін ойлап қарасам, ата- бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері- елін, жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиеті ұрпақтан- ұрпаққа дарыса асыл арманы ғой.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар- қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру тайпаларымыздың өзі жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеудегі батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.
Халқым сол заманнан бері-ақ елінің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарының бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолы», «Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы шапағатына» ұласып отырғанын көріп отырмыз.
Осы дәуірге жету жолында Отаным-қазақ елінің көрген қасіретін енді Тәңірім еш елдің басына бермесін дер едім.
Халық мүддесі жолында табандылығын да, тапқырлығын да таныта білген тұлғаны жауынгер Абылай бастаған батырлардың аяулы Отанын қорғаған ерлік- батылдығын, ел арасындағы бет- беделдері туралы талай тарихи зерттеушілердің жеріне жеткізе жазғанының куәсіміз.
Егеулі найза қолға алып, еңку- еңку жер шалып, ел қорғаған батыр бабаларымыз бен аналарымыздың бізге қалдырған аманатындай туған елімізді қорғау, нығайту- әрбірімізге парыз.
«Елің үшін отқа түс – күймейсің» дегенде, туған елінің бостандығы, жерінің азаттығы үшін күрсекен әр замандағы ардақты ерлерін туған елі ешқашан ұмытқан да емес, ұмытпақ та емес?
Екі жүз жыл бойы қазақ халқына тыным бермеген жоңғар басқыншыларына қарсы елін бастап ерлікпен соғысқан қайтпас батырларымыз-Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапыратшы Наурызбай бастаған батырлардың Әз –Тәуке, хан Абылай, Кенесары сынды хандардың туған елі үшін бастарын бәйгеге тіккен ерліктерін бүгінгі ұрпақтары, біздер мақтаныш етеміз, бабалар рухынан қуат аламыз.
«Өз елі, өз ерлері ескермесе,
Ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді?»- дегендей, туған елі барда, ержүрек ұлдары мен қыздары халық жадында мәңгі сақтала бермек.
Қандай дүние жетеді балауыңа!
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып,
Қазақстан гербі де, жалауы да!- деген Жұбан Молдағалиевтің «Мен –қазақпын» поэмасындағы туған елге, жерге деген ыстық махаббаты әрбіріміздің жүрегімізден орын алуы керек. Туған жерін тұғырына балаған арқалы ақын, төкпе- жыршылардың жыр тілі арқылы туған жерге деген сезімімізді жеткізгендейміз.
Менің кең байтақ Отаным Ақан әнімен әлдилеп, Біржан жырымен тербеткен, Ыбырай,Орынбай ақындар әуелете шырқаған, Мәліктей батыр- ғалымдар туып –өскен жан ғана емес, ауасын жұтып, топырағын басқан адам да мақтана тәуба етері анық.
Ардақтап анасын, құрметтеп данасын.
Бауырға басқанбыз баршаның баласын,-деп Әнұранымызда айтылатынындай, қуғын- сүргін кезінде өз елінен қуылған қаншама ұлттың баласын өзекке теппей, өгейсітпей, бауырға басқан кеңпейіл өлке. Мыңғыртып мал өсіріп, миллиардтап дән өсірген қойнауы құт, қабаты кенді бай өлке.
Қазақтың маңдайына біткен ұлы, тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағамыз достықтың, бірліктің, бауырмалдықтың көк туын берік ұстап, тасқа тұяғын қашаған тұлпар мінген батырларша, халқына тыныштық пен жігер беріп, шыдамдылық пен төзімділіктің шегіне жеткізіп тәрбиелеп отыр. Аяулы Отан-Қазақстанды әлемге аян етіп отырған Елбасының, халқының ерлігін Дихан-Баба Әбілев атамыз:
Қарамай қиындықтың қыңырына,
Ақыл мен алғырлығы жеңді міне.
Жасандысыз жаңашыл талабыңа
Мың рақмет, Нұрсұлтан қарағыма!- деп жырлаған.
Аяулы Отаным-Қазақстан- ядролық қарудың қасіретін әлем бойынша ең көп тартқан ел. Оның талай ғасырға жететін тарихын қозғасам, кішкене жүрегім сыздап, бабалардың басынан кешкенін көзіме елестетсем көздің жасын тыя алмайтындай күйге түсемін. Қазақстан ядролық инфроқұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен, әлемге Қазақстанды бейбітшілікті сүйетін ел ретінде танытқан, еліме Тәуелсіздіктің туын желбіреткен Елбасы Нұрсұлтан ағамызға алғысымыз ұшан- теңіз.
Тәуелсіздікке қол жеткізген осынау жарқын күндерде менің туған өлкемде, байтақ Қазақстанда, бүкіл әлемде тек бейбітшілік болса екен деймін.
Міне, оқушылық өмірді артқа тастап, ересек өмірге қадам басқалы отырған өмірлік белесімдегі үлкен арман- мақсатым- туған жерімді көрсету, елімнің баянды бақыты үшін жан аямай еңбек ету деп білемін.
Аяулы Отаным- Қазақстанды көркейтетін, байытатын, өз бақытының иесі болуына қол жеткізетін халқым, біз сияқты ұрпақтары екен.
Қорыта келгенде, аяулы Отаным- Қазақстан туралы өз ойымды Қасым Аманжоловтың мына жыр шумағымен аяқтағым келеді:
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің.
Сенде тудым,сенде өстім,сенде өлсем,
«Арманым жоқ бұл дүниеде», дер едім.
Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде рақаттың,
Өз Отаным - өзім туған босағам.