Әрине, болашаққа әр адам әртүрлі көзқараспен қарайтыны анық. Тіпті «Болашақ қандай болады?» - деп өз-өзімізге сұрақ қоямыз. Болашаққа біреуі зерделі көзбен қараса, біреуі беймәлім, сыры мол әлемге жас көзбен қарайды. Біреулері «Болашақта адам жұмыс істемейді, оның орнына робот жұмыс істейді» деп болжам жасаса, енді біреулері «Болашақта андай болады, мынандай болады» деп жорамал жасауда. Әрине, мұның бәрі уақыт еншісінде. Дей тұрғанмен, менің көзіммен қарағанда өсіп келе жатқан ұрпақ үшін болашақ жарқын болуы тиіс.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында халықтың алдағы өркендеуіне, қадамын нық басып, болашаққа сеніммен қарауына негіз болатын нәрсе атам заманнан ескірмей, ұмытылмай келе жатқан қазақтың салт-дәстүрлері екенін атап көрсетеді. Кей адамдар болашаққа салт—дәстүрдің қатысы қанша деп ойлауы мүмкін. Егер олай ойласаңыз, әбден қателескеніңіз. Неге десеңіз, егер жас өскелең ұрпақ өзінің салт-дәстүрін білмесе, онда Қазақ ұлты жойылады, ұлт жоқ жерде болашақ жоқ болады. Өткенге көз жүгіртіп, тарихымызды да, әдеби шығармаларымызды да оқысақ, басынан кешкен небір қилы кезеңдердің өзінде ата-бабамыз өзінің ұлттық құндылығын сақтап қалған. «Әке көрген - оқ жонар, шеше көрген - тон пішер» дегендей ата тәлімін бойына сіңіріп өскен халқым өз жолынан адаспаған. Ата-бабам жүрген тура жол бізді болашақта да адастырмасы анық. Қазыналы ақсақалдың үлгіге толы әңгімесін тыңдап өсетін біздің бойымызда, санамызда бауырмалдылық, мейірімділік, кеңпейілділік, қайырымдылық қалыптасады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні демекші, салт-дәстүрін қастерлеген халықтың рухани жаңғыратыны сөзсіз. Ал рухани жаңғыруымыз болашаққа дұрыс бағдар жасағанымызды көрсететіні айдан анық. Міне, болашаққа деген менің көзқарасым осындай.