Қай халық, қандай ұлт болмасын өз еркіндігін аңсайды. Әр ел өзінің егемен, тәуелсіз болуын армандайды. Бүгінде біз ата-бабамыз жылдар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Бұл күн-жалынды жастарымыздың тәуелсіздікті көксеген, рухы алаулаған күн!
Бұл күн-азаттық үшін алысып, намыс үшін шабысып, басты бәйгеге тіккен күн!
Біз қайратты, жаны жайсаң, құшағы кең, дана, дархан халықтың ұрпақтарымыз! Қазақ елі әлемде санғасырлық ауыр тарихты да бастан өткізді. Бірақ ешқашан рухын жоғалтқан жоқ. Тәуелсіздігіміздің сәулелі таңы шуақты өмірге айқара, нық жол ашты. Көңілдерге үміт пен сенімнің сәулесін жақты.
Бұл күн бізге оңайлықпен келмегені бәрімізге мәлім. Туымыздың көк түсі бейбітшілікті, ашық аспанды, тыныштықты білдіреді. Ортасында алтын арайлы күн мен қалықтаған қыраны, шеттері қазақтың ою-өрнектерімен әшекейленген, Елтаңба шеттерінде екі алтын қазақ баласы қастерлеген желден жүйрік пырақ, ортасында шаңырағы бар. Қазақстан елі жүздеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, ынтымағын жалғастырып отырған Ұлы мемлекет десем артық болмас. Еліміз Егемендік алған жылдардан бастап көптеген жетістіктерге қол жеткізді, қазір біздің елді бүкіл адамзат таниды, мойындайды. Бұл Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың, Қазақстанды мекен еткен көп ұлтты халықтар жарастығының арқасында деп ойлаймын.
Ел деп соққан жүрегіміз елжіреп, елжандылық, Отансүйгіштік сезіміміз арта түсуде. Еліміздің өркендеп, көркейе түсуі үшін бәріміз мойнымыздағы жауапкершілікті сезініп, еліміз үшін қасықтай қанымыз, шыбындай жанымыз қалғанша аянбай тер төгуге күш жұмсауымыз керек. Сонда ғана Тәуелсіз Қазақстанның болашағы кемелденіп, өзге елдермен нық иық тірестіре аламыз.
Тәуелсіздіктің алтын шаңырақ ақ отауын көтерген еркін Қазақстанның бүгінгі өмірі қандай шуақты болса, ертеңі бұдан да нұрлы, жарқын болары сөзсіз! Бақ-мерейі өскен, әліде өсе берер Еркін де Ерікті Қазақстанның арайлы әр ақ таңында өмірімізге бақыт, тыныштық, ұрпаққа ұлағат пен парасат тілейік.