Нұр-сұлтан – Сарыарқаның төріне, Есіл өзенінің бойына қоныс тепкен
отанымыздың жүрегі, ұлан ғайыр еліміздің бас қаласы, әлем таныған жас қала.
Күннен-күнге етек жайып, өркендеп дамып келе жатқан Отанымыздың түп
темірқазығы болып саналатын астанамыз гүлдену үстінде.
«... Қандай мемлекет болмасын, оның тыныс-тіршілігі орталықтан бастау алуы
тиіс. Елдің шеткері аймақтағы ірі қаласынан гөрі кіндігіндегі мекен алғашқыда көзге
қораш, елеусіздеу, жұпыны болып көрінгенімен, келе-келе үлкен күш-қуатқа ие
болып, мемлекеттің темірқазығына айналады. Өйткені, өмір, тіршілік – ортада,
орталықта»,-деген екен Макиавелли.
Әрине, бұған өзіміздің бас қаламыз, Отанымыздың жүрегі, ару қала – Нұр-
сұлтан дәлел бола алады. Аз ғана уақыттың ішінде көптеген зәулім сарайлар мен
ғимараттар бой көтеріп, әсем қаланың көркіне көрік қосып, әр беруде. Ал, енді
отанымыздың жүрегі, ару қаламыздың тарихына көз жіберсек. Сарыарқаның сайын
даласында, ұлы жолдың үстінде тұрған мекенде ежелден бері айтулы хандар мен
батырлар өзіндік таңбаларын қалдырған. Еркіндік аңсаған ер жүрек батырлардың
қаны осы жер үшін талай төгілген. Солардың бірі әрі бірегейі қазағымыздың көкке
ұстар батыры көкжал туған Кенесарыны және оның батырлары – шұбыртпалы
Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, қыпшақ Иман, Басығара, арғын Жеке батыр, дулат
Жәуке, Сұраншы, Бұғыбай және тағы да басқа жаужүрек батырлар аянбай қорғаған
атамекен жер бүгінде қазақ халқының ұлы мақтанышына айналды.
Елбасымыз орын тепкен бұл қасиетті мекен қазіргі кезде, яғни жаһандану
заманында үлкен мәртебеге ие болып отыр. «Әлем қаласы» атағын алған
Елордамыздың тұсаукесері өткен жер – бұрынғы Ақмола бекінісінің дәл орны екен.
Нұр-сұлтанға көшіп келісімен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Есіл бойында
Кенесары ескерткішін орнатуды қолға алған еді. Бұл өзіміздің тарихымызды,
өткенімізді қайтадан жаңғыртып, кейінгі жас буын ұрпақтарға үлгі-өнеге беруде
өзіндік мәні бар іс-шара болды. Біздің тәуелсіздік жылдарындағы жарқын
жетістіктеріміз – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық
ету құрметіне бүкіл түркі жұртының, бүкіл мұсылман әлемінің, бүкіл ТМД елдерінің
арасынан тұңғыш ие болуымыз осы Нұр-сұлтаннан дүйім дүниеге дүркін-дүркін
жария етіліп жататын жаңашыл да жарқын бастамаларымыздың байыпты
шығуының, баянды бітуінің де арқасы.