Сахнаның ортасында виртуалды әлем ханшайымы тұрады. Жан- жағында айнала төрт адам жынданып, әркім әрқалай билеп жатады. Ханшайым жан-жағындағы адамдардың жынданып жатқанынан рахаттанып, күшке бөленіп жатқандай. Бір кезде авансценаға жақындап өз халқына жолдау жолдайды.
Ханшайым: Мен - шексіз әлемнің билеушісі Зұлмат ханшайымы, сендерді өз әлемімнің табалдырығында көріп тұрғаныма қуаныштымын! Қош келдіңдер!!! Кіріңдер, ойланудың қажетті жоқ! Бұл жақта қамсыз өмір сүруге болады. Барлық уайымыңды, күйбең тіршілігіңді ұмыт! Кір де, қамсыз өміріңді өткіз. Көңілің қалағанның бәрі табылады. Тек ойланбай таңдау жасасаңдар болғаны! Ха-ха-ха!!! Дайынсыңдар ма?
Халық ханшайымның аяғына тізерлеп жақындап, жалынып
Бірінші: Уа, ханшайым! Мен бұл күнді баяғыдан арман еткем! Маған кіруге рұқсат бер! Бірінші болып кірейін...
Екінші: Жоқ, ханшайым! Мен бұл күнді ес білгелі армандап келем! Мен бірінші болайын!
Үшінші: Мен бұл әлемсіз өзімді елестете алмаймын! Рұқсат болса, арманым орындалсын!
Төртінші: Мен сіздің мейіріміңізге зәрумін! Рұқсатыңды беріп, шапағатыңа бөле!
Барлығы: Рұқсатыңды бер!
Ханшайымға қарап, қолдарын созады, ол бойына құйылып жатқан күштен рахаттана, қарқ күліп
Ханшайым: Ха-ха-ха! Бишара пенделер! Егер мен және менің мына әлемім болмағанда, сендер қалай ғана өмір сағаттарыңды өткізуші едіңдер!
Барлығы: Ия,ия! Жалғастыра беріңіз!
Ханшайым: Мен ешқашан жаңылысып көрмегем, менде бәрі есептелген! Сондықтан, құн төлеулерің керек! Басқаша айтқанда, құрбандық шалуларың керек! Құрбандық құны... құрбандық құны...
Барлығы: Айтыңыз, біз бәріне де дайынбыз! Тек әлеміңізге кіргізсеңіз болғаны!
Ханшайым: Құрбандықтың құны сендердің түкке қажетті жоқ, босқа өліп жатқан уақыттарың болмақ! Ол сендерге керек емес қой, солай емес пе?
Үшеуі: Дәл солай
Ханшайым: Мен сендерді әлеміме кіргізіп қана қоймай, жер шарын төрт құбылаға бөліп, сендерді өз өкілім ретінде бекітемін.
Бірінші: Мәрт ұсыныс болды!
Екінші: Әлемнің бір бұрышын билейміз!
Үшінші: Бұрышын емес, «құбыласын» деді!
Ханшайым: Демек, келісесіңдер ғой, солай ма?
Төртіншісі біраз ханшайымнан алыстап
Төртіншісі: Уақыт! Уақыт - Жаратушының бергені. Біз оны қалай болса, солай жұмсауға құқығымыз жоқ! Ойлану керек...
Үшеуі: Ойланатын несі бар!
Төртінші: Жоқ... тұра-тұрыңыздар! Ойланыңдар, ағайын! Онсыз да адамгершілік, мейірім, көзбе-көз әңгіме құру жоғалып, өмір суып бара жатқанда, мұндай құрбандыққа қалай барасыздар! Бір сәтте - жақындарыңызға жылы сөз айта аласыз! Бір сәтте - өмірдің қызығына малынып, төбеден шықан күнің нұрына бөлене аласыз! Бір сәтте - еркін тыныс алып, ойлана алсыз! Қазір, рахат іздеп, бас бостандықтарыңнан мәңгіге айрылып, жасанды әлем құлына айналудан сақтаныңдар! Адамдар ойланыңдар!
Ханшайым: Жә, жетер! Мен сені өз әлеміме бірінші болып кіргізуге келісемін! Қалауың сол болса, мен келістім? Кел, кіре ғой!
Бірінші: Иә, кіре ғой. Біз саған кезегімізді береміз!
Екінші: Білгенде, мен де айлаға басатын едім!
Үшінші: Біз саған жол жасаймыз, жол баста!
Тірі адамдар құрылған дәліз жасайды.
Төртінші: Жоқ, мен адастым! Мен еркіндікті таңдаймын! Кеш болмай тұрғанда, сендер де ойланыңдар! Бұл -тор! Одан қайта шығуға болмайды!
Ханшайым: Жоооооқ... Мен саған шексіздік әлемін ұсынып тұрсам, ұсынысымды қабыл алмағаның қалай? Сен, мына маған қарсылық білдіруге қалай ғана дәтің барды! Бишара! Жаңа ғана алдымда тізерлеп, шапағатыма зар екендігіңді баян еткен өзің емес пе едің? Мұның қалай? Бұл қылмысыңды мен кешіре алмаймын! Ұстаңдар оны!
Үшеуі жабылып, ұстамақ болады. Бірақ, тұруға әлдері келмей, тізерлеп қана алдына бара жатып.
Бірінші: Ұстаңдар, әйтпесе мұның кесірінен, өз құбыламыздан айрылып қалмайық!
Екінші: Дұрыс айтасын, шапшаң... шапшаңдау болсаңдаршы...
Бірінші: Айналдыра, қоршауға алыңдар!
Үшінші: Бізден қашып құтыла қоймас! Біз көппіз!
Төртінші: Мен қашпаймын, алдыңда тұрмын! Егер, бір ғана қателігім үшін жанымды қию керек болса, мен дайынмын! Өзгелерге сабақ болсын! Ханшайым: Доғар! Мынаның аузын жабыңдар!
Үшеу, төртіншінің жығып, қолын артына қайырып, ханшайымнан белгі күтуде
Екінші: Ханшайым, сіздің мейіріміңіз үшін бәріне құлдық!
Үшіншісі: Әмір ет, орындайық!
Ханшайым: Менің әмірім! Бұл адам, біздің әлемнен келмеске қуылсын! Ақтық демі қалғанша, маған берген жауабы үшін өкініп өтсін! Өз үкімі - өзіне! Тағдырдың тар жолында, мұз кешіп, шоққа күйсін!
Бірінші: Өзінің де қалауы сол емес пе?
Ханшайым: Сөзіңді доғар! Сонда сен, менің өз ойым жоқ дегің келе ме? Жоқ!!! Ол тек, менің әмірімді менен бұрын айтып қойды, түсінікті ме?
Екінші: Дәл, солай...
Үшінші: Бәрі айдан анық ақиқат емес пе?
Бірінші: Олай болса, түсінікті...
Ханшайым: Әмірім тездетіліп орындалсын!
Үшеуі: Құп болады!
Үшеуі төртіншіні сахна сыртына жетелеп шығарады.
Ханшайым: Кімде-кім маған қарсы баруға дәтті барса, ол да осы бишараның хәлін шешеді.
ЗКГ Төртінші:
Көрпе етіп шерді, қайғыны жастандық күрең,
Заманда сол бір қаптаған қастандық кілең.
Тәңірдің сыйы - тәуелсіз болу бақыты,
Бақыт дегенім бодансыз бостандық, білем.