Орыс мектептеріндегі «Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту – айрықша көңіл бөлуді қажет ететіндігі еліміздің ертеңгі болашағына деген үлкен міндеттен туындап отырғаны бәрімізге мәлім. Оқушыларға әдебиеттің құдіретін, оның адам баласы жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын, мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін айтып, түсіндіре отырып, сол әдебиетті жасаушылар, ақын -жазушылар туралы, олардың көркем шығармалары жайында айтуымыз керек.
«Көркем шығарма – әдебиеттің құндылығы. Көркем шығарманы оқыту – оқуышының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» - деген болатын әдебиет зерттеуші – ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қажым Жұмалиев.Осы күрделі мәселенің шешу жолының бірі-оқушыларды ақын, жазушы, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығымен таныстыру.
Сөз өнері, тіршілік ағымы, заман тынысы, қоғам құрылысы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы туралы тамаша поэзия топтамасын қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше, себебі ол өзінің көркемдік ой танымын арғы - бергідегі әдеби дәстүрлермен сабақтастырып, кешегіні бүгінгімен және ертеңгімен жалғастырып өткен талантты перзент.