Өз еліңді әрбір ұсақ-түйегіне дейін ерекше де өте қымбат, сүйікті сезінбесең, адамдық мінез де жоқ.
К.Г Паустовский
Отан- адамның түп-тұқияны, ата- бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан жері. Сондықтан қай елдің адамы болсын, өз Отанын дүниедегі ең қымбаты, ең асылы, ең қасиеттісі, ең аяулысы- Анасына балайды. Менің Отаным- Қазақстан.
Менің Қазақстаным-менің жәннат мекенім. Қасиетті Қазақстанымның аңқыған жұпар ауасына, төскейі малға толған сайын даласына, қойнауы қазынаға толы құтты жеріне, мүлгіген орман-талына, аспанмен таласқан асқаралы тауларына, тау-тасын кезе жортқан түз тағыларына,бау-бақшаның сәнін келтірген әнші құстарына жетер еш байлық жоқ екенін бала жүрегім сезеді.Менің Қазақстаным- менің мақтанышым!Менің жерім ғана, менің елім ғана өзге жұртты жатсынбай бауырына тартып,жандарына жаға біледі.Бұның бәрі қасиетті жерімізбен киелі топырағымыздан дарыған. Адал перзент үшін туған жерден ыстық, сүйікті, қасиетті, киелі ештеңе жоқ. Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту- қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған.
Мені де «Өз Отанымның адал перзенті болып, туған жер топырағымен байланысымды терең сезініп, оған ата-анамдай қарап,одан алғанымды үш еселеп қайтарсам» деген арманым жиі толғандырады.Тәй-тәй басқан Қазақстанымды бірнеше жылдан кейін аяғына нық тұрғызуға, кетігін тауып, кірпіш болып қалануға осы бастан қамданып, білім жинаудамын. Ұстаздарымның берген білімі мен ата-анамның берген тәлім тәрбиесін ұштастырып, өз елімнің көркеюіне жұмсай алсам, менде арман болмас еді!
Ашық болсын қазағымның аспаны, Биіктесін мәртебесі - асқары. Көк байрағы мәңгі тулап көгінде, Ел намысын қорғап жүрсін жастары!