Отбасы... Жылы ұя... Бұл сөздерді естігенде өне бойын жылулыққа бөленеді, жүзің нұрланып, көңілің марқаяды. Әр бала үшін отбасы – ұя. Сол ұяда саған қамқор, жанашыр жандар мекендейді. Ол – әке, ана... Мен үшін әкем – биік шың болса, анам – жарқыраған күн іспетті. Бірінен нәр алсам, екіншісі арқылы тәтті қиялға құлаш ұрып, құдды бір бойыма қанат біткендей талпынудан, самғаудан еш шаршамаймын.
Әкем өзінің шағын шаруашылығымен айналысады. Анам – мұғалім. Өкшемді басым, ізіммен ерген үш бауырым бар. Менің осы бір кішігірім Отаным – мен үшін қымбат.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, әкем мен анам біздерге ақылға толы, өнегелі сөздерді айтудан еш жалыққан емес. Сөз басын – тату болыңдар, көпшіл болыңдармен тарқатса, ой аралығын – үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді ұмытпаңдар деп өрбітіп, сөз қорытындысын – атаның баласы емес, адамның баласы болыңдармен тиянақтап отырады.
Әкем мен анамның көңіліне қаяу, қос жанарына мұң түсірмесем деген ой мені мазалайтын сәттер де болады. Әр бала бақытты болу үшін жаратылған болса, әрбір әке мен ана әдемі қартаю үшін жаратылған дер едім.
Менің шығармамды оқып отырған жан баласына айтарым – отбасы қадірін біліңіз, әке мен ана махаббабын сезініңіз, жарқын өмір сүріңіз! Өз ойымды шабытымнан туған жыр шумағымен тәмамдасам деймін.
Әке – тамыр тереңнен орын алған,
Анаң – сабақ, құшағын кеңге жайған.
Сен – жапырақсың, нәр алып сусындаған,
Бауыр – гүл ғой көңілге нұр сыйлаған.