Заманымыздың заңғар жазушысы, ғасыр ғұламасы атанған М.Әуезовтің: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», - деген сөзінің маңызы ешқашан жойылмақ емес, себебі кез келген мемлекеттің мәдениеті дамуының деңгейін, рухани мазмұнын, интеллектуалдық қуатын, өркендеу әлеуетін айқындайтын бірден-бір көрсеткіш – білім берудегі жүйелілік және сапалылық.
Білім беру жүйесі Қазақстанның ұлттық даму саясатында белгіленген басымдылық қатарында ерекше орында тұр. Білім сапасын арттырудың көзі – оқытудың тиімді жолдарын қолдану. Ал оқушылардың білім сапасы – ұстаздардың шығармашылыққа, нәтижеге бағытталған еңбегінің нәтижесі. Ғылым мен техника қарқынды дамып отырған бүгінгі күнде оқушының даралық қасиеттерін ескеру, жеке мүмкіндігін ашу, қабілетін, дарынын дамыту, таным деңгейін арттыру әр мұғалім мен бүтін мектептің міндеті болып табылады.