Баланың бас ұстазы – ата-анасы
Баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстазы болса, оның сүйеушісі – ата-анасы.
Сондықтан ата-анасы өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы керек, күнделікті оқу үлгеріміне назар аударып, қадағалап отыруы тиіс.
Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстазы – ата-анасы. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлғасы. Баланың жақсы ісін мадақтап, теріс ісін көрсетіп, түсіндіріп айтып отырса, ол да үлкендерді сыйлап, кез келген тапсырманы орындауға даяр тұрады. Баланы жастайынан еңбекке баулу керек. Жасы үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге үйрету қажет. Баланың икемділігін, қабілетін дер кезінде байқау – ата-ананың парызы.
Қазақта жақсы сөз бар «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді» деген. Күнде кешкісін ата-анасы ұл, қызының жаңалықтарын ортаға салып сұрап отыруы керек. Сонда отбасының бір-біріне деген сенімі, сүйіспеншілігі нығая түседі. Баланың жетістігіне қуанбайтын ата-ана жоқ, үлкендер баланың күнделікті өмірін мәнді етіп ұйымдастыруы керек.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Сондықтан ата-анасы бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмағаны жөн.
Алматы қаласы №132 мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Қасенова Сәуле