Болашақ бүгіннен басталатынын тереңірек зерделесек, жастар тағдыры, жан-жақты жетілген ұрпақ тәрбиелеу мәселесі қашан да халқымыздың маңызды басты арман –мұраты болып келгені даусыз.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», -деген М.Әуезовтың аталы сөзі отбасы тәрбиесінің маңызын көрсетеді. Бала тәрбиесінің негізі-бұл оның отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ, бала үшін өмір мектебі. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы ұлттық мәдениетінің маңызды бөлігі болып табылады. Ертеңгі өркениетті қоғам мүшесі, өз ұлтының рухани байлығын, ізгі қасиеттерін бойына сіңірген, өз жері мен елін қорғай алатын ұлтжанды, жоғары мәдениетті адамды тәрбиелеудің негізі – халықтың тәлім –тәрбиесі. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарасының өзіндік ерекшелігі бар. Келешек ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, балаларды ата-баба дәстүрінде тәрбиелеуді мақсат тұтқан қазақ отбасылары баласын мәдениеттілікке, зерделілікке баулып, халқының мәдениеті мен әдет –ғұрпын тәрбиенің бұлжымас құралы ретінде ұстанған.