Менің атым Жанель. Менің мықты және тату отбасым бар. Менің отбасымда 5 адам бар. Олар: әкем, анам, екі кіші інім және мен. Менің әкемнің аты - Нұржан, анамның аты – Вероника, інілерім – Рахим және Ерсайын. Әкем шекарашы болып жұмыс істейді, Отанымызды қорғайды. Анам үй шаруасымен айналысады, үйдің барлық тіршілігі соның мойнында. Оның арқасында үйде өте жайлы және жылы. Мен және інім Рахим мектепте оқимыз. Мен төртінші сыныпта оқимын, Рахим мектепалды даярлық сыныбына барады. Ал кіші інім ешқайда бармайды, өйткені ол әлі кішкентай небәрі екі айда.
Біз бос уақытымызда ата-анамызға көмектесеміз. Мен анама үй тіршілігіне көмектесемін және кіші інімді қараймын. Ал Рахим әкеме көмектеседі. Бірақ біз ғана емес олар да бізге көмектеседі. Біздің сабақтарымызды жасауға көмектеседі, ақыл-кеңестерін береді. Бір нәрсе болса, одан қалай шығу керектігін үйретеді.
Сонымен қатар біз әр жыл мезгілінде далада ойнағанды жақсы көреміз. Жазда отбасымызбен жиі өзенге барамыз, немесе достарымен велосипед тебеміз. Қыстыгүні шана, шаңғы тебеміз, таушада ойнаймыз. Қардан үйшіктер, аққала жасаймыз немесе қар лақтырып ойнаймыз.
Біз өте тату және бір-бірімізді сүйетін отбасымыз. Бір-бірімізді жақсы көреміз және бағалаймыз. Әрдайым алдымызға мақсат қойып, соны орындауға тырысамыз. Биылғы біздің мақсатымыз – сүйікті елордамыз Астанаға бару. Онда біз отбасымызбен барып, жақсы көңіл күйде өткізетінімізге нық сенемін!