1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясының ашылуы республикадағы ұлттық ғылыми-педагогикалық интеллигенцияның дайындалуының мықты факторы болды. Диссертациялық кеңестер саны ұлғайып, аспирантура мен докторантураға қабылдау көбейді, ғылыми басылымдар саны айтарлықтай өсті. 1960 жылдардың соңына қарай Қазақстанның ұлттық-педагогикалық интеллигенциясының қалыптасуы аяқталды деуге болады [1, 97 б.]. Осы жылдарда елімізде қалыптасқан ғылыми интеллигенцияның біраз бөлігін әйелдер құрады. Егер ҚазКСР Ғылым Академиясының құрылған кезінде 420 ғылыми қызметкер әйел жұмыс істесе, 1975 жылы 1507 ғалым әйел еңбек еткен. Оның 468-і қазақ әйелдері [1, 98 б.]. Сондай-ақ, 1975 жылы республикада ғылым докторы атағын алған әйелдер саны - 117, ал ғылым кандидаттары - 3 мыңға жуық болған [2, 113 б.].
Медицина, филология, педагогика сынды ғылымдармен қатар қазақ әйелдері тау-кен ісі, геология, гидрогеология, гидрофизика сияқты көбіне ер адамдар айналысатын ауыр ғылымдарға да еркін араласа бастады. Бұл салада Шығыс әйелдері арасынан шыққан тұңғыш геология минерология ғылымдарының докторы Патшайым Тәжібайқызының сіңірген еңбегі айтарлықтай.