Сөз таптарының адвербиалдануы
Ермекбаева Д.Е.
Түркі тілдері жүйесінде сөз таптары өз заңдылықтарымен, ерекшеліктерімен түрліше сипатқа ие. Әрбір сөз табы тек өзіне ғана тән лексика – семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілерімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, әрбір сөз табының қалыптасу, даму жолдары бар. Тілдің дамуы сөз таптарының түрлі тұлғаларымен толығуының, лексика –грамматикалық ерекшекліктерінің артуының нәтижесіне байланысты. Тілдегі сөз таптары единицалары мағыналарының қалыптасуы, жаңаруы, көнеленуі сол сөз табының ішкі жүйесімен қатар сыртқы факторлар, яғни, өзге сөз таптарының ықпалымен де жасалып отырады. Сондықтан сөз таптарының сөзжасамдық, сөзөзгерімдік, мағына қалыптастырушылық қасиеттерін санамағанда олардың ішкі және сыртқы факторларымен байланысты екендігін ескеру де керек. Тілдік жүйеде жаңа сөз табының пайда болуына өзге сөз таптарының ықпалы мол. Әрбір сөз табының қалыптасуына тигізетін әсері де ерекшелігі де әр түрлі-түрлі.
Мысалы, үстеулердің пайда болу, қалыптасуына өзге сөз таптары түрлі жағдайларда, түрлі қасиеттерімен әсер еткен. Барлық сөз таптарының үстеу жасау қабілеті де алуан түрлі болады. Өйткені, әрбір сөз табының бір-біріне ұқсамайтын белгілері, өзгешеліктері бар десек те, оларды бірімен-бірін байланыстырып тұратын ортақтықтар да мол. Даму мен қалыптасуында да үзілмес байланыс бар. Тілде бір сөз табы ерте пайда болған, бірі кеш пайда болды, бәрібір олардың арасында қатынас сақталады. Сондықтан сөз таптарының осындай айырым - белгілері мен ортақ қасиеттерін сараптай отырып, барлық сөз таптарының бірін-бірі толықтыруда, қалыптастыруда алатын орындары бар деген тұжырым жасауға болады.