Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет- ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды.
Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының термин жасауда ұстанған принциптері қазақ тілінің ғылым саласындағы қызметінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы.
Кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол ғылым саласында қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде А.Байтұрсынұлы осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесі» түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған. Ғылыми ұғымдарға ат қою оп - оңай жұмыс емес. Ол үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық процесс. XX ғасырдың бас кезінде қазақтың жоғары және арнаулы білімі бар мамандарының көбейе бастауына байланысты, ғылымның негізі қаланып, арнаулы салалардың саралана бастауы – сол салалардағы арнаулы ұғымдардың атауларын жасаудың қажеттілігін туғызды. Осы кезеңде жазылған оқулықтар мен түрлі деңгейдегі ғылыми еңбектердің авторлары бұл істі өз қолдарына алуларына тура келді. Терминдерді ұлт тілінде жасап, ұлт тілінің ғылым тіліне айналуының маңызын терең түсінген А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының термин жасауда ұстанған принциптері қазақ тілінің ғылым саласындағы қызметінің қалыптасуына үлкен үлес қосты.
Сөйтіп, ғылымның өркендей бастауына орай жаңа терминдер қатары да молая түсті. Әсіресе 20-жылдардан бастап бұл іс барынша жандана берді. Білікті ұлттық кадрлардың арқасында қазақ тілінің терминжасам мүмкіндіктері ашылып, термин шығармашылығында пайдаланыла бастады. Терминдерді ұлт тілі негізінде жасап, ғылымды өз тіліміз арқылы да игеруге болатындығына және ғылымы өркендеген халықтардың тілдері сияқты ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы арнаулы ұғымдарды атауға біздің тіліміздің де мүмкіндігі толық жететіндігіне қазақ зиялылары еш күмәнданған жоқ. Олар өздерінің ұстанып отырған бағытының дұрыстығына кәміл сенді. Оны теріске шығаруға біздің де ешқандай негізіміз жоқ.
Әл-Фaрaби aтындaғы ҚaзҰУ-дың доценті,
философия ғылымының кaндидaты
Жaнaтaев Д.Ж.
әл-Фaрaби aтындaғы ҚaзҰУ мaгистрaнтты
Cерікқазы Т.Д.