Халықтың тарихи естелігі – ғасырлар бойы мәдени мұраға салынатын, барлық адамзат өркениетінің мәдени топтарын, халықтың, ұлттың, этностың өзін сақтап қалудың негізі болып қалу факторы болып табылады. Мәдени мұра өркениетті қоғамның ең маңызды себебі болып табылады, ол өзіндік рухани – өнегелілік пен материалдық құндылықтардан тұрып, ол бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жай өтіп ғана қоймай, оларды жоғалтып алмас үшін, ұлттық, мемлекеттік масштабтағы үлкен күш пен құралдарды салуды талап етеді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: тарих және археология ескерткіштерін жүйелендіру, сақтау және қалпына келтіру.
Қазақстанның тарихи – мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Олар – халық арасында ерекше құрметке ие мәдени мұра ескерткіштері. Атап айтсақ, зайырлы және діни сәулет өнері нысандары, табиғи ландшафт ескерткіштері, сонымен қатар, маңызды тарихи оқиғалармен тығыз байланысқан тарихи құндылыққа айналған нысандар бар. Барлығын тізіп шығу мүмкін емес шығар, сірә. Себебі, елімізде тұратын әр ұлыс үшін, тіпті, әр адам үшін аса құнды, ерекше ілтипатпенен қабылданатын нысандар мен орындар баршылық. Сол ескерткіштердің бірі – Айша Бибі мазары.