8-сыныпқа арналған бұл сабақ «Қозғалыс композициясы» юниті аясында жүргізіліп, оқушылардың дене пішіндері мен сызықтарын үйлестіре отырып шығармашылық қозғалыс композициясын құрастыру дағдыларын дамытуға бағытталды. Сабақ құрылымы пәнаралық байланыс пен саралауға негізделіп, оқушылардың өзін-өзі реттеу, топта жұмыс істеу және коммуникативтік қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Топтық жұмыс барысында оқушылар шеңбер, төртбұрыш, үшбұрыш, жұлдызша сияқты пішіндерді міндетті түрде қолдана отырып өз композицияларын жасайды, бұл олардың кеңістіктік ойлауын және шығармашылық икемін арттыра түседі.
Зерттеу сабағы (Lesson Study) аясында коммуникациялық дағдыларды дамытуға бағытталған қысқа мерзімді стратегиялардың тиімділігі бақылау парақтары мен өзара бағалау арқылы талданды. Оқушылардың белсенді қатысуы, топ ішіндегі идея алмасуы, өз жұмысына рефлексия жасауы олардың оқу үдерісіне саналы түрде араласа бастағанын көрсетті. Сабақ нәтижелері оқыту әдістерінің тиімділігін айқындап, мұғалімнің кәсіби дамуына және оқу сапасын жақсартуға оң әсер етті.



