Тақырып өзектілігі: Қазіргі таңда елімізде жұмыссыздықпен күрес мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Ол үшін әртүрлі бағдарламалар мен іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Солардың бірі 12 қаңтарда жарияланған, халықтың NEET сегментімен жұмыс істеу бағдарламасы. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 - 5,0% аралығында өзгермелі.
Жұмыстың мақсаты: Жұмыссыздықтың таралу ерекшеліктері мен себептерін зерттеу, оған әсер етуші аймақ, жас, гендер, әлеуметтік факторларын анықтау. Статистикалық көрсеткіштерді талдап, тұжырым синтездеу.
Жұмыспен қамту және жұмыссыздық - еңбек нарығының негізгі сипаттамасы болып табылады. Жұмыссыздықтың себептері мен мәнін ашатын әртүрлі теориялар бар. Олар жұмыссыздықтың оң және теріс әлеуметтік-экономикалық және психологиялық зардаптарын көрсетеді. Осыған байланысты жұмыссыздықтың өсу проблемасын шешудің жаңа әдістерін талап етеді. Еңбек нарығында жұмыссыздықтың әртүрлі түрлері бар. Жалпы түрлерінің бірі – табиғи жұмыссыздық (фрикциондық, құрылымдық) және циклдік/маусымдық жұмыссыздық.
Жұмыссыздықтың табиғи деңгейіне фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздық кіреді. Бұл түр кадр тұрақсыздығы, көші-қон, демографиялық себептер сияқты табиғи себептерге байланысты. Қазақстандағы еңбек нарығына келетін болсақ, елде жұмыссыздықтың табиғи және циклдік жұмыссыздық сияқты әртүрлі түрлері бар. Мамандық немесе біліктілік бойынша еңбек нарығындағы сұраныстың сәйкес келмеуіне байланысты талапкердің жұмыс табу мүмкіндігінің болмауы сияқты факторлар бар. Сондай-ақ, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында маусымдық сұраныс байқалады.