Қазіргі заман талабы мектептегі математика курсының практикалық бағдарының жоғары деңгейде болуының қажеттілігін айқындап отыр. Себебі оқушының жеке басының дамуына қойылатын талаптар мен олардың математикалық сауаттылығы деңгейінің арасында алшақтық бар. Математикалық сауаттылыққа математикалық ақпаратты іздеу мен түсіндіру, әр түрлі өмірлік жағдайдағы математикалық есептерді шешу дағдылары кіреді. Баланың абстрактілік ойлау деңгейі ой түйіндеуге, өзгеше танымдық тапсырмалар шешу кезіндегі логикалық ой қорытуға мүмкіндік береді. «Математика және логика» бағдарламасы үнемі жұмыс жүргізуге осындай орындау кезінде қажетті машықтық пен біліктілікті дамытуға көмектеседі. Бұл бағдарлама тек қажетті дайындық деңгейі жетістіктерін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар логикалық математикалық дайындықты күшейтетін, терең әрі жан – жақты математикалық білімді игеруді, математикалық нысандармен жұмыстағы нақты тәжірибені, оқу қызметінің маңызды элементтерін дамытуға жол ашады. Бұл бағдарлама пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруға, көптеген мәселелерді тереңдетіп зерттеуге, оқушылардың математика курсының жаңа мазмұны мәселелеріне жылдам енуіне, математика мен оның қосымшаларына қызығушылық танытуға, жаңа тақырыптарды оқып-үйрену барысында қосымша білім алуға және олардың көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Жалпы математика пәнін барлық оқушы тез қабылдап, терең алып кете бермейді. Сол себепті логикалық есептерінің өмірмен байланыстылығы оқушылардың қызығушылығын оятады.
Бағдарлама төрт тарауға бөлінген:
I бөлім .Сандар мен есептеулер .Өлшеулер
II бөлім Графтар. Комбинаторикалық есептер
III бөлім. Геометрия элементтері
IY .Мәтінді есептер
Бағдарламаның мазмұнын осындай ретпен іріктеудің және оны тізбектей құрудың өзіндік себебі бар. Алдымен математика курсымен сәйкес келумен бірге оны толықтыра түсетін І бөлімді оқуда оқушылардың есептеу техникасы, шапшаңдығы, тиімді тәсілді таңдау дағдысы қалыптасқан соң ІІ тарауды оқу нәтижесінде алдыңғы алған білімдерін толық қолдана отырып, графтар арқылы, яғни нүктелер, сызбалар көмегімен комбинаторикалық есептерді шығаруға дағдыланады. Содан соң ол геометриялық есептерге жалғасады.