ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси өмірімізге белсене араласқан қазақтың үлкен қайраткері, ойшыл Барлыбек Сырттанұлының өмір жолын зерттеуім тұлғаның бүгінгі уақытта жас ұрпаққа беймәлім есім болуынан басталды. Бұл атамыз – қазақ тарихындағы ерекше із қалдырған даңқты тұлғалардың бірегейі. Себебі, ең алғаш рет Жетісу қазағының ішінен жоғары білімді иеленген (Санкт-Петербург Императорлық университеті, 1886—1890) және шығыстану факультетін бірінші болып бітірген түркі тілдес халық өкілі.
Сонымен қатар, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салған Алаштың ізашар буынының төлбасы әрі саяси сахнаға шығып, бұратана халықтың мұң-зарын, арыз-шағымын Патшалық билікке жеткізуге себепкер болған, қазақтың жер мәселесін, шекаралық межелеу процесін көтерген ірі фигура.
Тұлғаның осындай елшіл, мемлекетшіл қасиеттері мені қызықтырды және оның бүгінгі күнменен астасып, сабақтасып жатқан салихалы сөздері күннен-күнге ынтықтыра түсті. Ол қандай сөздер деп таңқалып отырған боларсыз, айтайын: Барлыбектің жазып қалдырған қарапайым сөздерінің бүгінгі күні теориялық-ұғымдық категорияға, глоссарийлік тірек сөзге айналғандығы.
Біздің бүгін қолданып жүрген «Қазақ елі», «Парламент», «Мәжіліс», «Президент», «Сот», «Министр», «Судья», «Суд присяжный» сияқты тағы басқа сөздерді ғылыми айналымға енгізген осы – зерек ойлы арысымыз. Аталған сөздердің барлығы алғаш рет автордың Конституциялық «Қазақ елінің Уставы» еңбегінде жазылған. Ойлап қараңызшы, бұл сөздердің барлығы ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында айтылып отыр.
Көреген Барлыбектің республикалық, мемлекеттік идеясы арада 80 жыл өткен соң, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясында айқын көрініс тапты. Міне, көрдіңіз бе, бұл – ХХ ғасырдағы қазақ азаматының жан-жақты терең әрі жемісті білімінің нәтижесі.
Барлыбектің бұл сөздерді алғаш болып қолдануының маңызы сол – ол университет қабырғасында оқып жүргенде шығыстанудың базалық пәндерінен бөлек, «Халықаралық саясаттану», «Халықаралық құқық», «Қаржылық құқық», «Полицейлік құқық», «Орыс мемлекетінің құқығы» сияқты тағы басқа заң ілімінің курстарын игерген. Бұның бәрін архив мәліметіне сай айтып отырмын.
Барлыбек студент шағында Еуропа, АҚШ сияқты өркениеті озық, ғылыми прогрестік ойы дамыған елдердің заңдарымен, құқықтық-саяси нормалық құжаттарымен және заң іліміне қатысты ғылыми әдебиеттермен танысып, журналдарын оқыған екен. Оның үстіне студент шағында орыстың көрнекті зиялы қауым өкілдерімен, революционер, демократ қайраткерлерімен шығармашылық тығыз байланыста болған.
Барлыбектің өскен ортасы, империя астанасының қоғамдық- мәдени өмірі, орыс интеллегенциясының біліктілігі – оның тұлға, азамат болып қалыптасуына, қайраткерлік көзқарасының дамуына ерекше ықпал еткен. Осындай өмірлік-қоғамдық тәжірибе және империяға кіріптар болған халқының мүшкіл халі оның Конституциялық құжат жазуына түрткі болған.