Өздеріңізге өз тәжірибемнен «Оқушыларға патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығы» тақырыбындағы жүргізілген жұмыстар туралы ғылыми - педагогикалық көзқарастарым мен бірнеше жыл қатарынан сынып жетекшілікті атқару кезіндегі жүргізген жұмыстарымды, әрекеттерімді пайдасы тиер деген мақсатта жазып отырмын. Патриоттық тәрбие - түйінді мәселелері көп, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін, көп ізденуді талап ететін үрдіс деп баға бергім келеді. Патриоттық тәрбие беру бағытындағы жүргізілетін жұмыстың түрлерін шығармашылықпен түрлендіріп, дамыта отыра пайдалану өз нәтижесін берді.
Жерлесіміз ұлттық педагогиканы мұрат тұтқан Ш.Әленұлы «Педагогика кітабында»: «Патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей беру керек. Ұлттық мектептің алға қойған ең негізгі мақсаты, маңызды міндеті де осы болмақ» деген еді.
Бүгінгі күні балалардың патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады. Қазіргі заман талабында азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындық талаптары көңіл толтырарлықтай болып отыр. Атқарылып отырған жұмыс еліміздің азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнінде стратегиялық міндеттерді толықтай орындалуға бағытталуда.
Әлемде азаматтардың бойында ұлттық нышандарға - Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастырып отырған дамыған елдер аз емес. Көптеген елдерде мемлекеттік нышандар мемлекеттің оң бейнесін жасаудың негізі ретінде пайдаланылады, ұлттық мақтаныштың белгісі болып табылады, патриоттық сезім мен ерік-жігерді танытудың нысанасы ретінде пайдаланады. Мемлекеттік нышандардың көмегімен оқушылар бойына еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім дәйекті де табанды тәрбиеленеді.