Музыка кез келген халықтың және кез-келген адам баласының тұтастығын құрап тұратын құбылыс. Жаңа туған жас нәрестенің әдемі әуенді жанына жайлы қабылдауы, әсерлі күйлердің адам біткеннің тұла бойын тебірентіп, ішкі жан дүниесін пәк сезімдерге жетелеуі пайымдай білген жанға музыканың құдіреті жайлы көп нәрседен хабар береді. Зигмуд Фрейдше айтсақ, музыка адамның пайымынан тыс жақтардан, сананың арғы жағындағы дүниелерден нәр алғызып, жан дүниені шарықтауға бастайды.
Тіпті, жан-дүниеге айтарлықтай әсер бермейтін әуендердің өздері де қоғам өмірінде елеулі рөл атқаратынын да жоққа шығара алмаймыз. Бір сәтке концерттік залдардың қаңырап бос тұрғанын немесе радио мен телевидение хабарларының музыкасыз таралып жатқанын көз алдыңызға келтіріңізші. Ия, монотонды, сұр, құрғақ, өшіп бара жатқан тіршілік елесінің көлбең қағатынан көресіз. «Құрдымға бет алған қоғамның алдымен өнері құриды» дегенді осындайға қатысты айтылғанын аңғаруға болады. Керісінше, өнері дамыған, рухы асқақтаған елдің барлық салада озық, тұрмыс деңгейі жоғары болатынын тарих ағымы дәлелдеп келеді.